«Ақтөбе қаласының №25 жалпы білім беретін орта мектебі» ММ
0
5 сұрақ

5 сұрақ

  1. Зейнетақы жүйесінің деңгейлері туралы әңгімелеп берсеңіз, базалық және ортақ зейнетақы дегеніміз не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

Бүгінде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:


1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;


2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;


3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.


Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы - ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.


Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады.


Екінші деңгей бойынша міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Осы жарналардың есебінен қалыптасқан жинақтар салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.


2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрі - жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.


Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл  жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулі түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.

  1. Менің туған жылым - 1988 жыл. Мен ортақ зейнетақыға үміт арта аламын ба?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы Сіз 10 жаста болғансыз. Сәйкесінше еңбек өтіліңіз болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері - 25 274 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Соған сәйкес зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемі - 28 284 теңге) және одан асырылмайды.


2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.

 

Бұл үшін ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастыру қажет. Сөйтіп, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы жарналардың көлеміне және жиілігіне тікелей байланысты. Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшері тым аз болуы мүмкін. Өйткені, Қорға бірде-бір жарна аудармай зейнеткерлікке шығатын  азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.

  1. Ерікті зейнетақы жарналары туралы естідім. Оларды кім төлей алады? Бұл үшін қандай құжаттар керек?

Салымшылар мен алушылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.


Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт БЖЗҚ мен салымшы арасында жазбаша түрде жасалады және қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Шарт жасасу Қорға салымшы (алушы) жеке өзі келгенде жүзеге асырылады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да екеуі жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:


1) елу жасқа толған;


2) мүгедек болып табылатын;


3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.


Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

  1. Жұмыс беруші қандай жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті?

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді.


Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген. Егер, еңбек өнімділігі жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесімен расталса, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.


Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс беруші уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агент оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлердің пайдасына аударуға тиіс.

 

Мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

  1. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұл жарналар қашан енгізіледі?

2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады. 


Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.


Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.

 

5 сұрақ

  1. Менің әкем – мүгедек. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Оның зейнетақы Қорына қатысты бірқатар сұрақтары бар еді. Қордың жергілікті кеңсесі алыста орналасқан. Өзі бара алмайды. Ал мен күні бойы жұмыстамын. Айтыңызшы, бұл жағдайда не істеуге болады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасында тұратын барлық азаматтар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін зейнетақы қызметтеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етеді.   

Кімде-кім қандай да бір себептермен, бірінші кезекте денсаулығына байланысты Қор кеңсесіне келе алмайтын болса, Қор қызметкерлері оған өздері барады.

Сіз әкеңіз үшін «Мобильдік агент» қызметіне тапсырыс бере аласыз. Бұл үшін Қордың байланыс орталығына телефон шалу немесе Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінің «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары үшін электрондық өтініш беру» нысаны арқылы өтінім бере аласыз. Бұл қызмет туралы мына сілтеме арқылы толығырақ білуге болады:   https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/mo.php.

Егер әкеңізде электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзекті кілті бар болса, ол соның көмегімен шарт жасаудан бастап зейнетақы төлемдерін алуға дейін зейнетақы қызметтерінің барлық дерлік түрін ала алады.   

 

  1. Мен аптасына 6 күн жұмыс істеймін. Яғни, сенбі де – жұмыс күні. Сондықтан БЖЗҚ бөлімшесіне келуге мүмкіндігім жоқ. Не істеуге болады?

БЖЗҚ қашанда заман талабына сай қызмет атқаруға күш салады. Бүгінде Қор негізгі қызметтердің барлығын қашықтықтан көрсетеді. Сондықтан салымшы өз мәселелерін шешу үшін Қор бөлімшесіне келуге міндетті емес. БЖЗҚ қашықтықтан қызмет көрсету жүйесін ұсынып отыр. Мысалы, байланыс орталығы және интернет бойынша кері байланыс нысаны арқылы дербес ақыл-кеңес алуға болады. Қордың байланыс орталығының менеджері сұрағыңызды тыңдап болып, оны сол мезетте шешуі мүмкін. Күрделі сұрақтар бойынша әрі қарай не істеу керектігін түсіндіреді. 

Бұдан басқа, Сіз электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен Қор сайтында барлық дерлік операцияларды жүзеге асыра аласыз. Мысалы, жеке зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беруге, жеке деректемелерге өзгеріс енгізуге, зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысына ауыстыруға және берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалауға болады.   

Сонымен қатар «Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтініштің көшірме нұсқасын алу» және «Өз пайдасына ерікті зейнетақы жарналары есебінен шарт жасасу» электрондық қызметтері де іске қосылған.

  1. Мен 10 жылдан кейін зейнеткерлік жасқа толамын. Сол кезде шамамен қанша мөлшерде зейнетақы алатынымды білгім келеді. Ай сайынғы төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

Қазақстан Республикасында жиынтық зейнетақы екі төлем көзінен құралады. Олар: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ БЖЗҚ-дан: міндетті зейнетақы жарналары және ерікті құрамдауыш есебінен қалыптасқан төлемдер.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу механизмі өзгертілді. Енді оны тағайындағанда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі ескеріледі. Яғни, еңбек өтілі көп болған сайын базалық зейнетақының мөлшері де ұлғая түседі. Базалық зейнетақыны тағайындаумен «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы айналысады. Сондықтан базалық зейнетақыны тағайындауға қатысты сұрақтар бойынша корпорацияға бірыңғай «1414» тегін телефон нөмірі арқылы хабарласуға немесе оның Facebook, Twitter және Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына өтініш жазып қалдыруға болады.  

Енді БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын төлемдерге келер болсақ, ай сайынғы төлемнің мөлшерін есепту үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттерінің кестесі пайдаланылады. Бұл кесте Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Сондықтан ай сайынғы төлемнің мөлшері алушының жасы мен жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың сомасына тәуелді. Алушының жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Одан шыққан сома Қордан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдері болып саналады.     

Атап өту керек, жинақтар көлемді болған сайын ай сайынғы төлемнің сомасы да жоғары болады. Сәйкесінше бұл төлемдер ұзақ уақыт жүзеге асырылады.   Бұл құрамдауыш бойынша төлемдердің көлемі адамның өзіне байланысты – еңбек жолында болашағыңа қанша қаражат жинасаң, зейнет жасында сондай көлемде зейнетақы аласың деген сөз. Осылайша азаматтар қазірден бастап Қордағы жеке шоттарына зейнетақы жарналарын жиі және қомақты мөлшерде аударып тұрулары керек. Өйтпеген жағдайда зейнетақы мөлшері аз болады.  Сондықтан Қордан зейнетақы төлемдерін алудың жаңа әдістемесі зейнетақы жинақтарын дер кезінде қалыптастыру керектігін шынайы түрде көрсетіп береді. Яғни, төлем сомасы жинақтардың көлеміне тікелей байланысты.  

Мысалы, бір салымшының шотында 6 млн теңге, ал басқа салымшыда бар болғаны 1 миллион теңге болса, олардың ай сайын алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшері де әр түрлі болады.   

Қор сайтында орналасқан зейнетақы калькуляторы қазірдің өзінде болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте аз мөлшерде болса да тұрақты негізде аударылатын ерікті зейнетақы жарналарының арқасында зейнетақы жинақтарының көлемін елеулі түрде арттыруға болатындығына көз жеткізе аласыз.   

Қордың www.enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде орналасқан зейнетақы калькуляторы (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php) ай сайынғы жиынтық зейнетақыны (ол ортақ және базалық зейнетақыны да есепке алады) өз бетіңізбен есептеуге мүмкіндік береді.       

Бұл үшін зейнетақы калькуляторының тиісті бағандарына еңбек өтілі (еңбек қызметінің басынан бері), зейнетақы жинақтарының сомасы және айлық табыстың сомасын енгізу қажет. Бұдан басқа, «БЖЗҚ» АҚ-тың жаңа: зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша салымшылар мен алушыларға дербес кеңес беру қызметін пайдалануға болады. 

2018 жылдың сәуірінде Қор дербес кеңес беру қызметін іске қосты. Бұл ретте жеке және корпоративті зейнетақы калькуляторлары қолданылады. Бұл қызмет қазір тұрғындар арасында танымал болып жатыр. 2018 жылдың тамыз айында «БЖЗҚ» АҚ филиалдары зейнетақыны жоспарлау бойынша 58 107 ақыл-кеңес өткізген.  Сіз осы мәселе бойынша Қордың жергілікті бөлімшесіне жүгіне аласыз.   

  1. Мен жеке зейнетақы шотын ашуым керек. Бұл үшін қанша ақша төлеу керек және қандай құжат қажет?

Жеке зейнетақы шоты тегін ашылады. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) Заңда көзделген құқықтарды, міндеттемелерді және жауапкершілікті, сондай-ақ БЖЗҚ мен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың басқа да ерекшеліктерін бекітеді.       

Егер Сіз бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған болсаңыз, онда  жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтініш толтыруыңыз керек.  

ЖЗШ – салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке атаулы шоты. Онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары не болмаса ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсімпұл және басқа да түсімдер есепке алынады және солардың есебінен төлемдер жүзеге асырылады.   

ЖЗШ ашу туралы өтінішті рәсімдеу үшін Қор кеңсесіне барған кезде мына құжаттар ұсынылады:

- жеке өзі келгенде – жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа);
- сенім білдірілген тұлға келіп өтініш білдірген кезде  – сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа), нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған  көшірмесі, салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі.

Сонымен қатар Сіз Қор сайтының мына мекенжайында орналасқан электрондық қызметтерді пайдалана отырып, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішті бере аласыз:  https://www.enpf.kz/kz/services/depositors/ipa/cpc.php. Бұл үшін Сізде электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті (ЭЦҚ) немесе Жеке кабинет қолжетімді болуы қажет. Одан басқа, Қор сайтындағы басқа да электрондық қызметтерді пайдалануға болады. Олар: зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру, жеке деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, интернет-хабарлау тәсілін таңдау және берілген өтініштердің орындалу барысын қадағалау.    

Биыл қор сайтында зейнетақы шартының көшірме нұсқасын алу және «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен (өз пайдасына) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу» қызметі іске қосылды. Бұл сервистерді пайдалану бар болғаны бірнеше минутты алады.

Қордың «Facebook», «ВКонтакте», «Твиттер», «Одноклассники» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар екені белгілі. Сонымен қатар Қор биыл Telegram және Whatsapp мессенджерінде өзінің чатботын енгізді. Барлық коммуникация арналары зейнетақы жүйесі және БЖЗҚ қызметі туралы қажетті ақпараттарды алуға және қажет жағдайда жеке мәселелер бойынша Қор мамандарына жүгінуге мүмкіндік береді.    

Таяуда Whatsapp жүйесінде (8-777-000-1418 нөмірі бойынша) салымшылармен байланыс жасаудың жаңа арнасы іске қосылды. Онда қажетті ақпараттарды телефон арқылы хабарласпай-ақ және Қор бөлімшесіне келместен автоматты түрде алуға болады.

БЖЗҚ қолданатын ақпараттық технологиялар зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді.    

  1. БЖЗҚ бөлімшесінде менеджер маған дербес кеңес беру қызметін ұсынды. Мен сол кезде одан бас тарттым. Өйткені, бұл қызметтің ақылы, ақылы емес екендігін білген жоқпын.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алдына сапалы қызмет көрсетуден басқа, қазақстандықтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімін нығайту мақсаты қойылған.    

2018 жылдың сәуір айында Қор дербес кеңес беру қызметін іске қосты. Ол тегін көрсетіледі. Салымшылар мен алушыларға кеңес беру барысында оларды ең алдымен зейнткерлікке шығу, ерікті зейнетақы жарналарын төлеу, инвестициялық табыс, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беру және зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері қызықтыратыны белгілі болды. 

Осы және өзге де сұрақтарға Қор мамандары жан-жақты жауап береді және болжамды зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеп, оның арттыру жолдарын көрсетеді.  

2018 жылдың үшінші тоқсанының 2 айы ішінде Қор филиалдары 109 889 ақыл-кеңес өткізді. Бұл 2018 жылдың екінші тоқсанында берілген ақыл-кеңестердің 93 пайызын құрайды. Жоба іске қосылғаннан бері Қор филиалдары  228 406 ақыл-кеңес беріп үлгерді.